Разное

Диктант менің отбасым: Диктант «Біздің отбасымыз» » dictants.com

🙋️ МЕНІҢ ОТБАСЫМ – МЕНІҢ МАҚТАНЫШЫМ

Ашық сабақтар

МЕНІҢ ОТБАСЫМ – МЕНІҢ МАҚТАНЫШЫМ

 

«Отбасым-мақтанышым»  дегенде ең бірінші мақтанышым деп ата-анамды айтар едім. Ата-анам балалары үшін жақсылықтың жаршысы бола білді. «Жақсы әке балаға 40 жыл азық» деген балалары «менің әкем», «менің анам» деп үлгі тұтып, мақтаныш етіп, ата – ана «міне менің балам» деп отырса бұл отбасы мақтанышы болып есептеледі.

«Отбасы шағын мемлекет» демекші, менің отбасымды айтар болсам айрандай ұйыған, тату тәтті, бірлікте өмір сүріп жүрген қарапайым қазақ отбасылардың біріміз. Атам мен әжемнің 10 баласы, 32 немересі, 7 шөбересі бар. Мен атамның үшінші ұлының қызымын. Біз бір әкеден бесеуміз. Қара шаңырағымыздың ақылшысы, арқа сүйеріміз –  әкем, қамқоршымыз – анам.                         

Әке- асқар тау,

Ана- етегіндегі бұлақ,

Бала-жасындағы құрақ -деп тегін айтылмаған болар. Ата-анасын, аға-сіңлілерін сыйлай білген, жақындарына жақсылық тілеген адам менің ойымша, болашақта қоғамда да ізгі ниеті арқылы еліне, оның дамуына көп септігі тиетіне күмәнданбаймын.

Әкем 20 жылдан бері бас электрик болып, анам интернатта тәрбиеші болып елге адал қызмет еткен жандар. Мемлекеттік қызмет атқара жүріп, балаларына жақсы тәрбие беріп келеді. Еркелігімізді, сүрініп, қателескен кездердегі қателігімізді түсініп, кешіре білген кезінде ақыл-кеңесін аямайтын, осы дүниенің тек тәтті тұстарын көрсетуден, жақсылыққа итермелеуден жалықпайтын әке-шешеміз.

Қыз баланың тәрбиесінде ананың рөлі басым болады. Менің анам бізге қыз балаға тән нәзіктікті, ең бірінші «әкелеріңді сыйлаңдар, ренжітпеңдер, «әкелеріңнің қарғысын алмаңдар» деп айтып, әкені сыйлауды, жалпы ер азаматты қадірлеуді үйреткен.

Отбасының ең маңызды қызметтерінің бірі – тәрбиелеушілік міндеті. Оны қоғамдық тәрбиенің ең тиімді деген жүйесі де алмастыра алмайды. Оның негізгісі – баланы өмірге келтіру ғана емес, сонымен бірге оған әлеуметтік-мәдени ортаның құндылығын қабылдаттыру, үлкен ұрпақтың тәрбиесін жас ұрпаққа жеткізу, бойына сіңірту, яғни балаларын өздерін қоршаған ортаға және қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру әке-шешенің ең маңызды міндеті.

Үлкенді құрметтеу отбасы мүшелерінің бір-бірінің тәрбиесіне жауапкершілік, борыштылық, адамгершілік сезімдерін туғызған.

Ата-анамызды сыйлауымыз керек , өйткені, бізді өмірге әкелген кім? — Ана, камкоршымыз кім?-Әке. Сондыктан ата — аналарымызды сыйлау, ер жеткен соң ата-анамызға карызымызды кайтару борышымыз.

Қорыта келсек, бұл дүниенің бақыты мен ләззаты, қуанышы мен шаттығы тек ата-ананы құрметтеу арқылы ғана баянды болмақ. Әке-шешеге деген сый-құрмет, олармен жақсы қарым-қатынас күмәнсіз үй-ішіне береке кіргізеді.  Бұл дүниеде ата-анасына қамқорлық жасап, балалық махаббатын арнаған перзент ертең ақиретте пайғамбарлармен бірге еш қиындықсыз жәннатқа кіреді. «Отбасының жемісі – тәрбиелі ұл мен қызы» деген,  мақтан етер ұрпағымыз көбейсін. Ұрпағына мақтаныш болар қазыналы қарттарымыз көп болғай. Қазақтың әр отбасының керегесі кең, шаңырағы берік, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Барлық қазақстандықтарды 8 қыр

Диктанттар жинағы, Бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған ана тілі сабағының көмекші құралы

Бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған ана тілі сабағының көмекші құралы

(1 – 4 сыныптар үшін)
Дайындаған:Ахметова Динара Сахановна

Диктант.
Қазақ тілі пәнінен білім, білік, дағдыны үнемі есепке алып отыру – бастауыш мектептегі оқу үрдісінің ең қажет бөлігі. Сын жұмысы оқушылардың алған білім деңгейін және білім мен дағдының саналы түрде меңгерілгенін тексеру мақсатында өткізіледі.

Бағдарлама бойынша берілген маңызды да негізгі тақырыптарды өткеннен кейін кезекті сын жұмыстары жүргізіледі.

Сын жұмыстары 1 сыныптан бастап жүргізілгені жөн. Сөздерге дыбыстық талдау жасау, буынға бөлу, сөз, сөйлемдерді анықтау шартты белгілер арқылы жүргізіледі. Сөздік диктанты сабақтың бір бөлігі ретінде үнемі жүргізіледі. Оған 5 – 6 минут жеткілікті.

Қорытынды сын жұмыстары білім мен дағдының қалай меңгергенін тексеру тәсілі болып табылады. Оның мақсаты – оқу жылында немесе тоқсандық жұмыс кезінде мемлекеттік бағдарламаның талаптарын орындау және нақты қорытындысын тексеру. Қорытынды сын – әрбір оқушының білімін есепке алуда ерекше мәні бар жұмыс. Ол оқушы мен мұғалім жұмысының негізгі көрсеткіші болып табылады.

Диктант (жатжазу) – орфографиялық, пунктуациялық дағдыны тексеру құралы. Егер мәтінде жазылуы қиын, әлі меңгерілмеген сөздер кездессе, онда мұғалім диктантты жаздырмас бұрын оны анықтап айтып, түсіндіріп немесе тақтаға жазып көрсетуі керек. Әр мәтінде сөз саны көрсетілген, ол бағдарлама бекіткен сөз мөлшеріне сәйкестендірілген.

Оқушылардың білімін анықтауға арналған тест жұмыстары әр оқушыға жеке – жеке парақшаларға көшірме ретінде беріледі. Бұл – өздігінен орындайтын жұмыс. Дұрыс жауабын қоршап қояды. Әр оқушы өз аты – жөнін жазып, мұғалімге тапсырады.

Сөздік диктанты:

2 – сыныпта 8 – 12 сөз.
3 – сыныпта 12 – 15 сөз.
4 – сыныпта 15 – 20 сөз.

Бақылау диктанты:

2 – сынып – I жартыжылдықта 30 – 35 сөз, жыл аяғында 35 – 40 сөз.
3 – сынып – I жартыжылдықта 40 – 50 сөз, жыл аяғында 50 – 65 сөз.
4 – сынып – I жартыжылдықта 65 – 70 сөз, жыл аяғында 75 – 80 сөз.

1 сынып.
Сауаттылық диктант №1

Қыс.
Қыс мезгілі. Далада қар жауып тұр. Балалар қармен ойнап жүр. Олар қардан қуыршақ жасады. Балалардың қолдары тоңды. Бірақ қуыршақтары әдемі болып шықты. Қуыршақтың көзі көмірден жасалды.

Бақылау диктант.№2
Кебеже.
Айтуар ағаш шебері. Оның түрлі саймандары бар. Ол ағаштан кебеже жасады. Кебеже әдемі болып шықты. Кебеженің ішіне сүр ет, құрт, ірімшік, май салып қояды. Кебежеге салған тамақ бұзылмайды.

Тапсырма:

1. Жұп дауыстыларды жаз.
2. Мәтінде қанша сөйлем бар?

Сауаттылық диктант.№3

Орманда.
Мен орман ішімен жүріп келемін. Төңірегіме қарап қоямын. Қандай тамаша! Күздігүнгіден орман мүлде өзгерген. Айнала жап – жасыл болған. Аяқ астыма қарасам, жер жасыл кілемдей. Қалың бұтақтар арасынан көгілдір аспан көрініп тұр.

Бақылау диктант.№4

Көктем келді
Көктем басталды. Күн жылынды. Жер көгерді. Жеміс ағаштары гүлдеді. Құстар жылы жақтан ұшып келе бастады. Егіншілер егін себу жұмыстарына кірісті. Малшылар қыстаудан көктеуге көше бастайды. Олар көктеуде мал төлдетеді.

Тапсырма:

1. Кімдер сұрағына жауап беретін сөздерді теріп жаз.
2. Көктемде ұшып келетін құстардың атын жаз.

Сауаттылық диктант.№5

Мойыл.
Мойыл – дәрілік өсідік. Қабығы қоңыр. Гүлдері ақ түсті болады. Дәрі жасау үшін мойылдың гүлі мен жемісін пайдаланады. Мойылдан жасалған дәрімен көз, өкпе ауруларын емдейді. Мойылдың гүлін көктемде, жемісін күзде жинайды.

Бақылау диктант.№6

Отбасы.
Талғат биыл бірінші сыныпқа барды. Өзі жеті жасқа толды. Оның әкесі отыз алты жаста. Анасы жиырма алтыға толды. Балабақшаға баратын қарындасы төрт жаста. Бәрінің ортасында жетпіс беске шыққан әжелері бар.

Тапсырма:

1. Заттың санын білдіретін сөздердің астын сыз.

2. Мына цифрларды сөзбен жаз. 6, 10, 20, 100

Сауаттылық диктант.№7

Қымыз.
Қымыз – дәмді сусын. Ол биенің сүтінен жасалады. Қымыздың қышқылтым дәмі тілді үйіреді. Оның шипалық қасиеті де мол. Жайлауда ішкен дәмді қымыз – денсаулыққа өте пайдалы. Атам мен әжем қымыз ішкенді ұнатады.

Бақылау диктант.№8

Мамыр.
Көктемгі күн шуағын төгіп тұр. Мамыр айында жер беті құлпырып гүлге оранды. Орман жасыл желекке бүркенді. Егістіктегі астық жайқалып өсіп келеді. Далада көбелек қуып балалар жүгірісті. Мамыр айы көңілді болды.

Тапсырма:

1. Құлпырып, көңілді сөздеріне дыбыстық талда жаса.

2 сынып.

Сауаттылық диктант. №1

Күз.
Күз түсті. Күн көзінің қызуы азайды. Ауа райы да суыта бастады. Жан – жануарлар қысқа дайындық жасауда. Құмырсқалар індеріне дән тасып жүр. Құмырсқа – еңбекқор жәндік. Олар қысқы азығын жаз бойы жинап алады.

Бақылау диктант. №2

Тиін.
Тиін орманда, тоғайда болады. Ол секіруге икемді. Бұтақтан – бұтаққа, ағаштан – ағашқа секіріп жүреді. Жыртықш аңдардан бұтаққа секіріп жүріп қорғанады. Тиін бүр, саңырауқұлақ және жаңғақпен қоректенеді. Тиінді көрсең тиме. Оны қорғап жүр.

Сауаттылық диктант. №2

Шаңырақ.
Қазақтың өмірінде шаңырақтың маңызы өте зор. Ұл бала әке шаңырағының иесі болып саналады. Киіз үйдің басқа сүйектері ескірсе жаңартуға болады. Ал, шаңырақ жаңартылмайды. Шаңырақты үй иесі деп есептелетін ер адам ған көтереді.

Бақылау диктант.

Ақсары.

Құстардың түрі өте көп. Сен, Ақсарыны білесің бе? Ақсары бүркітке ұқсамай ма? Ұқсайды. Оны неліктен Ақсары деп атайды? Өйткені оның аузы да, аяғы да балапандар сияқты сап – сары. Ақсары – жыртқыш құс. Ол тышқан, қояндармен қоректенеді.

Сауаттылық диктант.

Саршұнақ.

Саршұнақ – кеміруші жәндік. Ол інін егіс маңына жақын жерден қазады. Астық дәндерімен қоректенеді. Кейбір құстар саршұнақты аулайды. Соның бірі – қарақұс.

Саршұнақтың іні құстардан сақтануға ыңғайлы. Ол інінен алысқа кетпейді. Інінен шықса болды, жыртқыш құстар сап ете қалады.

Бақылау диктант.

Киіз үй.
Киіз үй малшыларға өте қолайлы. Оны жылдам құрастырып, тез жинауға болады. Оның қыста жылы, жазда салқын болатынын айтсаңшы! Көлеміне және сыртқы кейпіне қарай әр түрлі болып келеді. Киіз үйлер төрт, алты, он екі қанатты болады.

Сауаттылық диктант.

Қаңтар.
Қаңтар – жыл басы, қыстың қақ ортасы.

Қаңтар айында сақылдаған сары аязды күндер көп болады. Суық күндер бет, қол, аяқ үсу жиі кездеседі. Терезенің әйнектері, ағаштар, су бетіндегі мұздар жарылып кетеді. Малшылар малды қорада күтеді. Балалар мен қарттар үйде отырады.

Бақылау диктант.

Түйе.
Адамдар түйені ертеден бері көлік ретінде пайдаланады. Ол шөл даланың ең төзімді көлігі. Түйе алыс жолдарға өте шыдамды. Көп уақыт су ішпей жүре береді. Түйемен адамдар жүктерін тасиды. Оның сүті қою болады. Түйенің сүтінен шұбат жасап ішеді.

3 сынып.

Сауаттылық диктант.

Аңқау күшік.
Біздің Мойнақ деген күшігіміз бар. Мойнақты шеңберден қарғытып өткізбек болдық. Күшік шеңберден қарғымады. Сонан соң қағазға мысықтың суретін салдық. Оны шеңберге жапсырдық. Мойнақ суретті көрді. Аңқау күшік суретті тірі мысық екен деп, оған оқтай атылды. Сөйтіп, мойнақ шеңберден қарғуды үйренді.

Бақылау диктант.

Күз.
Қыркүйек. Күздің алғашқы айы. Аспан бұлттанды. Күннің қызуы азаяды. Күн салқындай бастайды.

Ағаштың жапырақтары сарғая бастады. Терек пен қайың жасыл жапырағынан айырылды. Айнала сары ала түске боялды. Шық осы айда түседі. Құстар да жылы жаққа ұшып кетеді. Аңдар қысқы тіршіліктеріне кіріседі.

Тапсырма:

1. Мәтіндегі сөйлем санын цифрмен жақша ішіне жаз.
2. Қыркүйек сөзіне дыбыстық талдау жаса.

Сауаттылық диктант.

Зейінді оқушы.

Шоқан он жасында әскери мектепке оқуға түсті. Мектепке келгенде орыс тілін білмейтін. Ол аз күнде орыс тілін үйренді. Шоқан өт е зейінді оқушы болды. Ол саяхат туралы кітапты қызығып оқыды. Саяхатшы болуды арман етті. Шоқан суретті де жақсы салды. Ол мектепті алтын алқамен бітірді.

Бақылау диктант.

Құмырадағы су.
Қорада құмыра тұр. Оның ішінде суы бар. Бір кезде қара қарға құмыраның қасына келіп қонды. Оның су ішкісі келді. Құмыра биік.

Қарғаның тұмсығы құмырадағы суға жетпеді. Қарға жерде жатқан тастарды көрді. Ол тастарды тұмсығымен тістеп, құмыраға тастай бастады. Су көтерілді. Қарға құмырадан су ішті.

Тапсырма:

1. Тұмсығымен сөзіне дыбыстық, буындық талдау жаса.
2. Соңғы сөйлемдегі сөздердің байланысын сызбамен көрсет.

Сауаттылық диктант.

Бозторғай.
Омар атам үй сыртындағы бақшаны аралап келе жатты. Түні бойы суық жаңбыр жауды. Жер саз. Атай жусанның ығында бүрісіп отырған кішкентай құсты көрді. Ұшуға жарап қалған бозторғайдың балапаны екен. Тұмсығының жиектері сап – сары. Өзіне әбден жаңбыр өткен. Екі қанаты салбырап, дір – дір етеді.

Бақылау диктант.

Қосаяқ.
Қосаяқ – кішкентай кеміргіш аң. Шөлді, жазық жерлерді мекендейді. Ол – өте секіргіш аң. Басына төнген қауіптен қашқанда бірнеше метр жерге оңай секіреді. Қосаяқ – құс сүйекті жануар. Күні бойы інінде ұйықтап жатады. Кешке қарай жем іздеуге шығады. Дән және шөптердің тамырымен қоректенеді. Қосаяқтар – түнде қоректенетін жануар.

Тапсырма:

1. Соңғы екі сөйлемнен қатаң дауыссыз дыбыстардың астын сыз.
2. Мекендейді, қоректенеді сөздерін буынға бөліп жаз.

Сауаттылық диктант.

Ою.
Жанар жасынан әсемдікке үйір болды. Әсіресе түрлі оюларға қызықты. Оның әжесі ауылдағы атақты оюшы болатын. Сырмақ, текеметке ою салатын. Жанар әжесінен ою оюды үйретуін өтінді. Әжесі келісті. Жанар қуанды. Әжесінің айтқанын бұлжытпай орындап жүрді. Көп кешікпей Жанар бұл өнерді игеріп алды. Ол да атақты оюшы болды.

Бақылау диктант.

Балық аулаған балалар.
Күн жылы еді. Балалар өзенге келді. Біраздан соң қатты жел тұрды. Аспанды бұлт қаптады. Сіркіреп жауын жауды. Аздан соң жаңбыр құйып кетті. Балалардың үсті су болды. Олар ағаштардың арасына тығылды. Жауын басылды. Күн шықты. Балалар қайтадан өзенге келді. Қармақ салды. Балық ұстады. Кешке үйге қайтты.

Тапсырма:

1. Жалаң сөйлемдердің астын сыз.

2. Бастауышты бір сызықпен, баяндауышты екі сызықпен сыз.

Жылдық диктант.

Сауысқанның белгісі.
Орман ішімен түлкі келе жатты. Алаңқайлардан жүгіріп өтті. Қалың ағаштардың арасынан ептеп жүреді. Бір бұтаға да соқтықпайды. Кенет ол жер бауырлап жата қалды. Балапандарын ертіп бөдене келе жатыр екен. Сол арада сауысқан шық ете қалды. Бөдене мен балапандар пыр етіп ұша жөнелді. Түлкінің әрекеті зая кетті.

Тапсырма:

1. Балапандарын, ағаштардың деген сөздерді құрамына талда, белгіле.
2. Ептеп, зая сөздерін басқаша қалай айтуға болады?

4 сынып.

Сауаттылық диктант.

Орман іші.
Қыркүйек айы. Күздің басы. Аспан жиі бұлттанып, жел тұрады. Күн көзінің қызуы азаяды. Мектеп оқушылары орманға серуенге барды. Оқушыларды табиғаттану пәнінің мұғалімі Дина Үкітаева алып барды. Орманда қайың, терек, қарағаш, шырша өсіп тұр. Терек пен қайыңның жапырақтары сарғая бастаған.

Ағаштың бұтақтарында түрлі құстар ұшып – қонып жүр. Оқушылар құстардың, ағаштардың атын дәптеріне жазып алды.

Бақылау диктант.

Құс – бақтың досы.
Егіндіктің қасында үлкен бақ бар. Бақтың шетінде биік теректер, аппақ қайыңдар өсіп тұр. Бақта алма, алмұрт, өрік, шие ағаштары бар. Күзде жемістер пісіп, адамдар жинауға келеді. Жаздыгүні біздің жерімізде құстар көп болды. Бақ ішіндегі құстар зиянды құрт – құмырсқаларды, көбелектерді жейді. Құстар бақтарды зиянды жәндіктерден сақтайды. Құстарға тимеу керек. Оларға ұя жасап, қамқорлыққа алған жөн. Олар қыстыгүні ашығады. Балалар қыста жем беріп, оларды аштықтан құтқарады.

Тапсырма:

1. Мәтінде қанша сөйлем бар? Жай сөйлемдерді тап. Қанша екенін жазып қой.
2. Алғашқы екі сөйлемдегі зат есімдерді тап. Астын сыз.

Сауаттылық диктант.

Орманда.

Күн суық. Сарышымшықтар топ – топ болып ұшып жүр. Олар ашығып, бүріскелі біраз болды. Орман ішінде тоқылдақтың тоқылы ғана естіледі. Тоқылдақ бір үлкен қарағайға келіп қонады. Оның қабығын тесті. Үңгіп жеп жатқан құртты, шыбын – шіркейлерді суырып ала бастады. Онымен қоректенеді. Тоқылдақтың шұқып түсірген қоңыздары мен құрттары қар бетін қаптады. Мұны көрген сарышымшықтар жетіп келеді. Жердегі дайын олжаны теріп, жей бастады. Осылайша күн ұзаққа тоқылдақтың соңынан қалмады. Әбден тойды.

Бақылау диктант.

Құлын.
Азамат қалада тұрады. Күндіз балабақшаға барады. Қалған уақытта әжесінің қасында жүреді. Әжесі оған қызық ертегілер айтып береді. Өлең айтуды үйретеді. Ол бәрін құмарта тыңдайды.

Өткен жазда Азамат әжесімен ауылға барды. Ауылда бәрі оған қызық сияқты. Үйдің сыртында бие байлаулы тұр еді. Қасында құлыны бар екен. Тұлымшағы желпілдеген құлынды жақсы көрмеу мүмкін емес. Азамат әжесінің ылғи «құлыным» деп өзін жақсы көретінін енді түсінгендей болды. Мен де осындай «құлынмын» деп ойлады.

Тапсырма:

1. Мәтінде қанша сөйлем бар?
2. Оқушы деген сөзді үш жақта жікте.

Сауаттылық диктант.

Найзағай.
Біздер, жеті – сегіз бала, жаздыгүні тоғайға бардық. Тоғай таудың етегінде, ағашы қалың, іші көлеңкелі екен. Ағаш көлеңкесінде отырып дем алдық. Күннің қызуы күшейе түсті. Шөлдеген соң, жиде теріп жедік. Кенет тоғай іші қара көлеңке болып кетті. Аспанды қалың қара бұлт бүркеді. Жел тұрды. Найзағай жарқылдап, күн қатты күркіреді. Жаңбыр басталды. Біздер бір биік ағаштың түбін паналадық. Жаңбыр шелектеп құйды. Киімдеріміз су болып қалды. Көп ұзамай бұлдырап, жаңбыр басылды. Күннің көзі көрінді. Киімдерімізді сығып, кептіріп алдық. Содан кейін үйді – үйімізге қайттық.

Бақылау диктант.

Менің қарлығашым.
Жазғытұрым біздің босағаға бір қарлығаш ұя салды. Ол ұядан он алты балапан ұшырды. Күзге қарай құстар жылы жаққа ұшып кете бастады. Менің қарлығашым да дайындалды. Келесі жылы ол қайтып келер ме екен деп ойладым. Кешке қарлығашты ұстап алып, аяғына мықты жіп байладым.

Қыс өтіп, көктем келді. Құстар жылы жақтан ұшып келе бастады. Олардың ішінде қарлығаштар да болды. Оларды көрген сайын мен қарлығашымды ойладым.

Бір күні біздің қораға екі қарлығаш келіп қонды. Біреуі менің қарлығашым екен. Оған қатты қуандым.

Тапсырма:

1. Жіктеу есімдіктерін теріп жаз. Қай септікте тұрғанын көрсет.
2. Қарлығаш сөзін үш жақта жекеше, көпше түрде тәуелде.

Сауаттылық диктант.

Электр балта.

Еліміздегі алуан түрлі құрылыстарға көптеген ағаш түрлері қажет. Ормандағы ағашты кесу жұмыстары техниканың ең алдыңғы қатарлы құралдармен жүргізіледі. Ағашты кесіп құлататын электр аралары көп уақыттан бері қолданылып келеді. Өнер тапқыштар қазіргі кезде электр балта ойлап шығарды.

Электр балтамен ағаш бұтау бұрынғы әдістерге ұқсамайды. Бұл балтаны жұмысшының жоғары көтеріп ағашқа екпінмен соғуының қажет жоқ. Ол жүргізулі электр балтаны бір қолымен ыңғайлы тұтқасынан ұстап, екінші қолымен жүзін бұтаққа туралайды. Содан кейін балтаны бұтаққа тақап басу керек. Электр балта бұтақтарды бірден қырқып түседі.

Бақылау диктант.

Шекарада.
Қараңғы түн. Қалың орман. Ағынды өзен. Шекара. Оның маңында шекарашы қас қақпай күзетеді. Шекарашының жанында Арлан деген иті бар. Ол қыбыр етпейді. Арлан қараңғыға қарап, құлағын сергек қозғап қояды. Кенет ол елең етіп, жоғары қарай қарады. Иесінің етегінен тістей тарта бастады. Дұшпан жақындай түскендей болды. Шекарашы Арланды мойнындағы қарғысымен босатып жіберді. Ит қараңғыға сүңгіп кетті. Арлан шекара бұзушының ту сыртынан бас салды. Шекарашылар жүгіріп жетті. Арлан шекара бұзушыны ұстап алыпты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *